1992 жылдан бері қазақстандық 1471 маман ITEC бағдарламасына қатысып , біліктілігін шыңдаған

Бұл туралы Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал 2025 жылғы ITEC күніне орай ұйымдастырылған кеште айтты, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінде ITEC бағдарламасының ашылғанына 61 жыл толып отыр.

1964 жылы іске қосылған бұл бастама Үндістанның білім мен тәжірибені бөлісуге, кадрлық әлеуетті арттыруға және әлем елдерімен достық байланыстарды нығайтуға деген айнымас ұстанымының жарқын көрінісі.

Қазақстан үшін бұл күн – екі ел арасындағы ежелден қалыптасқан достық пен өзара түсіністіктің нышаны. Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бері ITEC бағдарламасының сенімді серіктесі болып келеді. Осы жылдар ішінде 1 471 қазақстандық маман, соның ішінде 1100-ден астам азаматтық сала өкілдері мен 371 әскери қызметші Үндістанда арнайы кәсіби даярлықтан өтті. Қазақстан Қарулы Күштерінің сұранысы бойынша, алдағы уақытта ақпараттық соғыс пен криптология бағыттары бойынша жаңа оқу курстары енгізіледі, — деді дипломат.

60 жылдан астам уақыт ішінде ITEC бағдарламасы 160 серіктес елдің 200 000-нан астам маманына жаңа білім мен дағды алуға мүмкіндік берген. Тек биылдың өзінде 15 000-нан астам адам онлайн және офлайн форматтағы курстардан өтті. Бағдарлама ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, инженерия және мемлекеттік басқару сияқты маңызды салаларды қамти отырып, жеке тұлғаларды дамытып, инновация мен тұрақты дамуға жол ашады.

Ерекше атап өткім келетіні – біздің ынтымақтастығымыздың білім беру бағыты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім беру жүйесін дамыту және әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарын қалыптастыру жөніндегі көзқарасымен үндес келеді. ITEC және Үндістанның Мәдени байланыстар кеңесі (ICCR) сияқты қосымша бастамалар арқылы Үндістан қазақстандық студенттер мен оқытушыларға өз саласының үздік оқу орындарында білім алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беріп келеді, — деп атап өтті Сайлас Тангал.

Елшінің айтуынша, бұл бағдарламалар тек оқыту емес — олар өзара түсіністік пен сенім көпірі. Олар халықтарымыздың ортақ болашағына бағытталған ниет пен ынтымақты нығайтады.

Алдағы уақытта Үндістан осы ынтымақтастықты кеңейтіп, жасанды интеллект, жасыл технология және әйелдер көшбасшылығы салаларында жаңа курстар ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, цифрлық білім беру, кәсіби даярлық және бірлескен зерттеу бағыттарында да серіктестігімізді тереңдету көзделуде. Бұл бастамалар Қазақстанның “Жаңа Қазақстан” стратегиясының мақсаттарына сай келеді. Бірлесе отырып, біз жас ұрпақтың әлеуетін арттырып, климаттың өзгеруі мен технологиялық трансформация сияқты жаһандық сын-қатерлерге жауап бере аламыз, — дейді Үндістан елшісі.

Дипломат Үндістан Үкіметі мен халқының атынан Қазақстан Республикасының Үкіметіне, атап айтқанда Ғылым және жоғары білім министрлігіне тұрақты қолдауы мен серіктестігі үшін шынайы ризашылығын білдірді.