Олар санкция салқыны тиеді деп қауіптеніп отыр.

Қытайдың мұнай өңдеуші компаниялары санкцияларға байланысты ресейлік мұнай партияларынан уақытша бас тартып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Sinopec және PetroChina Co. сияқты алпауыт компаниялар Ресей мұнайын сатып алудан уақытша бас тартқан. Bloomberg жазуынша, өткен айда "Роснефть" пен "Лукойл"-ға санкция салынғаннан кейін бұл компаниялар бірқатар ресейлік мұнай тасымалдарын тоқтатқан. Бұдан бөлек мемлекеттік кәсіпорындар ғана емес, жекеменшік шағын мұнай өңдеу зауыттары осындай шешімге келген. Себебі олар да санкция салқыны тиеді деп қауіптеніп отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, қытайлық компаниялардың бұл шешімі нәтижесінде мұнай жеткізілімі тәулігіне шамамен 400 мың баррельге қысқарған. Өз кезегінде бұл Аспан асты елінің Ресейден импорттайтын жалпы мұнай көлемінің 45%-ына жуығын қамтиды. Қытай нарығы Ресей үшін басты экспорт бағыттарының бірі екенін ескерсек, бұл жағдай Мәскеуге белгілі бір әсерін тигізуі мүмкін.

Агенттік осы жағдай Азия нарығындағы тепе-теңдікті де өзгертуі ықтимал деп отыр. Яғни, Қытайға экспорт азайса, Ресей Үндістанға және басқа елдерге бағыт алуға тырысуы ықтимал.

Айта кету керек, бұған дейін Түркия Ресей мұнайына балама тапқанын жазған болатынбыз.