Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 1 қаңтардан бастап Қазақстанның зейнетақы активтерін басқару жүйесін өзгертетін қаулы қабылдады
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қаулыда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап басқарушы компаниялардың қызметін бағалау жүйесінің орташа сараланған нәтижелерден композиттік индекстер (бенчмарктар) бойынша бағалауға өтуі көзделген. Композиттік индекстер қазақстандық қор нарығының және әлемдік қаржы алаңдарының индекстерін қамтиды, бұл жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, басқару нәтижелерін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, басқарушы компаниялардың тәуекел деңгейі, кірістілігі және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық стратегияларды ұсыну мүмкіндігі көзделген.
«Бұл салымшыларға жеке қалауы мен рұқсат етілген тәуекел деңгейін басшылыққа ала отырып, тиісті инвестициялық бейінді дербес таңдауға, сондай-ақ зейнетақы активтерін әр түрлі инвестициялық стратегиялары бар түрлі басқарушыларға басқаруға беру арқылы әртараптандыруға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Қаулыда зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қолжетімді қаржы құралдарының тізбесі кеңейтілген, сондай-ақ әрбір инвестициялық стратегияның ерекшеліктерін ескере отырып, инвестициялаудың тиісті лимиттері белгіленген. Бұл басқарушы компанияларға портфельді әртараптандыруға және инвестициялық тәуекелдерді азайтуға көбірек мүмкіндіктер береді.
Басқарушы компанияның зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына ерікті түрде қайтару мүмкіндігі қосымша көзделген.
«Қабылданған шаралар зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігінің өсуіне, басқарудағы ашықтық пен икемділіктің артуына, сондай-ақ жеке басқарушылар арасында бәсекелестік ортаның құрылуына әкеледі деп күтілуде, бұл негізінде зейнетақы активтерін тиімдірек инвестициялауға ықпал етеді», — делінген хабарламада.