Қарағанды облысында заңсыз балық аулау дерегі тіркелді.

Облыс аумағында өтіп жатқан "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер балық қорларын сақтау және қорғау мақсатында рейдтік жұмыстарды күшейткен. Тексеру Балқаш көлі акваториясында да ұйымдастырылды.

31 қазан күні Қарағанды облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы мен Приозерск қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері моторлы қайықпен заңсыз балық аулап жүрген 28 жастағы ер адамды ұстады.

Тексеру кезінде оның балық аулауға арналған рұқсат қағазы жоқ екені және тыйым салынған ау құралдарын пайдаланғаны анықталды. Нәтижесінде көксерке мен берш сияқты бағалы балық түрлерінен 112 келі көлемінде заңсыз ауланған өнім тәркіленді. Табиғатқа келтірілген залал мөлшері 578 мың теңге деп бағаланды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полицейлер табиғатты қорғау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, 300-ге жуық рейдтік іс-шара өткізген. Соның нәтижесінде 154 құқық бұзушылық дерегі анықталып, екеуі бойынша қылмыстық іс қозғалды, қалғандары бойынша әкімшілік шаралар қолданылып жатыр.

Қарағанды облысы полиция департаменті табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын және браконьерлік әрекеттерге қатысты қатаң заңды шаралар қолданылатынын мәлімдеді.