Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында дәстүрлі садақ атудан әлем кубогы өтіп жатыр.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
24kz_sport арнасының мәлімдеуінше, алғаш рет ұйымдастырылған доданың алғашқы күнінде қазақ жігіттері қоржынға алтын салды.
32 елдің өкілдері жиналған байрақты бәсекеде 500-ден спорты өнер көрсетіп жатыр. Олардың арасындағы 35 қазақстан қыз-жігіттер ел намысын абыроймен қорғауда. Атап айтқанда, жарыстың алғашқы күні Ербол Тәпенов, Жәнібек Құлмырзаев, Мақсат Әбдікерімов, Азамат Нұртаев пен Жәнібек Саламатұлынан құралған Қазақстан құрамасы 90 метрден нысананы көздеу бойынша командалық сынды ең үздік нәтижені тіркеді.
Республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы бұл нәтижені “өте жоғары” деп бағалады.
”Нәтиже өте жоғары деп айтсақ болады. Менің көңілімді қуаныш кернеп тұр. Өйткені, біз командалық есепте 90 метр қашықтықтан нысананы көздеу бойынша алтын жүлдені иемдендік. Жалпы есепте 80 ұпай алып, Қазақстанның дәстүрлі садақ ату ұжымы бірінші орынға жетті. Бұл — ерекше қуанып, мақтанып айтатын жетістік. Мұндай жетістік бұған дейін болған жоқ. Екіншіден, біз дәл қазір өтіп жатқан жамбы атудан нәтиже күтіп отырмыз. Қыздар арасындағы сайысқа финалға 4 спортшы шықты. Оның екеуі 1-2 орынға, қалған екеуі 3-4 орынға таласады”, — дейді ол.
Айта кету керек, дәстүрлі садақ ату бойынша халықаралық федерация жуырда ғана құрылған. Оған 45 елдің ішкі федерациялары мүше болды. Оның ішінде Қазақстан да бар.