Жер сілкінісін хабарламаған үш лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Алматы прокуратурасы 2024 жылғы 23 қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде халыққа алдын ала ескерту жібермеген тұлғаларға қатысты сот үкімі шыққанын хабарлады.

Прокуратура мәліметінше, жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқан Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары сотталған. Алайда олардың нақты қандай жаза алғаны жария етілмеді.

Тергеу барысында TNS-INTEC ЖШС бас директоры жеке пайда табу мақсатында сапасыз жабдық жеткізіп, орындалған жұмыстардың жалған актілерін рәсімдегені анықталған. Осылайша ол аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған.


Оқи отырыңыз: 2 балл. Оңтүстік Қазақстан тұрғындары түнде жер сілкінісін сезді


Іс материалдарына сәйкес, Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарын табиғи апат туралы хабардар етуге арналған автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесін сатып алған. Алайда 2024 жылғы 23 қаңтардағы күшті жер сілкінісі кезінде бұл жүйе жұмыс істемей, халыққа ескерту жіберілмеген.

Оқиға президент пен бас прокуратураның бақылауына алынып, кінәлілерді жауапқа тарту тапсырылған еді.