Келесі кездесу 2025 жылғы 30 қарашада өтеді делінген құжатта.
Жаһандық мұнай нарығының ахуалы мен келешегін талқылау мақсатында Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман елдері онлайн форматта кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл сегіз мемлекет бұған дейін 2023 жылғы сәуір мен қараша айларында қосымша ерікті өндіріс түзетулерін енгізген болатын.
– Жаһандық экономиканың тұрақты даму қарқыны мен мұнай нарығындағы қазіргі оң көрсеткіштерді, соның ішінде төмен қор деңгейін ескере отырып, 2023 жылғы сәуірде жарияланған тәулігіне 1,65 млн баррель көлеміндегі қосымша ерікті түзетудің аясында өндіріс көлемін 137 мың баррельге қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұл түзету 2025 жылғы желтоқсаннан бастап жүзеге асырылады, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар маусымдық факторларға байланысты аталған сегіз мемлекет 2026 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында өндіріс көлемін ұлғайтуды уақытша тоқтатуға келісті.
– Тәулігіне 1,65 млн баррельге дейінгі өндіріс көлемі нарықтағы жағдайға қарай ішінара немесе толық қалпына келтірілуі мүмкін. Елдер нарық конъюнктурасын мұқият бақылап, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сақ және икемді саясат ұстануды жалғастырады, — деп атап өтілген мәлімдемеде.
Сондай-ақ қатысушы елдер 2023 жылғы қарашада жарияланған тәулігіне 2,2 млн баррель көлеміндегі бұрынғы ерікті түзетулерге қатысты қажет болған жағдайда тоқтату немесе қайта қарау мүмкіндігін сақтайтынын жеткізді. Оған қоса аталған сегіз мемлекет 2024 жылғы қаңтардан бері артық өндірілген мұнай көлемін толық өтейтінін және нарықтағы жағдайды, келісімдердің орындалуын ай сайынғы кездесулерде қарастыратынын мәлімдеді.