Музей әлемнің жеті кереметінің бірі – Хеопс пирамидасының маңынан бой көтерді.

Ұлы Мысыр музейінде 70-тен 100 мыңға дейін экспонат қойылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Онда бұрын ешқашан көрсетілмеген жас перғауын Тутанхамонның қабірінен алынған қазыналар да бар. 500 мың шаршы метр аумақты қамтитын музейдің көлемі атақты Луврдан екі есе үлкендігімен де ерекшеленеді.

Музейді Египет премьер-министрі Мұстафа Мадбули "әлемге берілген сый" деп атады.

2002 жылы жария болып, 2012 жылы ашылуы тиіс деп жоспарланған музей құрылысы шығындардың өсуі, саяси толқулар, пандемия және аймақтық қақтығыстарға байланысты түрлі кедергіге тап болған еді.

"Ежелгі Мысыр барлығын таңғалдырады. Тутанхамон қабірінен табылған барлық жәдігерді бір жерде жинау шынымен керемет әсерлі болды" деп баға берді Каир университетінің профессоры Салима Икрам.

Ауқымды жобаның құны шамамен – 1,2 млрд доллар. Бұл соманың басым бөлігі Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) несиелері есебінен қаржыландырылған.