Израиль әскері Газа секторында қаза тапқан тағы үш тұтқынның денесін алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

The Times of Israel басылымының жазуынша, Қызыл Кресттің халықаралық комитеті ЦАХАЛ-ға (Израиль қарулы күштері) ХАМАС өкілдерінен Газаның оңтүстігінде үш табыттың берілгені туралы хабарлаған.

"Қызыл Крест табыттарды Израиль әскери қызметкерлеріне жеткізіп, онда бас раввиннің қатысуымен шағын рәсім өтті", – делінген ақпаратта.

ХАМАС өкілдері қалған қаза тапқан адамдардың денелерін табу және эвакуациялау үшін айтарлықтай операциялық күш пен арнайы жабдық қажет екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-пен бітімге қол жеткізгеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трампқа алтыннан жасалған көгершін мүсінін сыйға тартқан болатын. Тірі қалған соңғы 20 тұтқын 13 қазанда босатылды. Алайда кейбір қаза тапқандардың денелері әлі де Газа секторында қалып отыр.

Бұған дейін Грета Тунбергтің Израильде тұтқында болған кезінде көрген қорлығын жайып салғанын жазғанбыз.