Құтқару қызметтері өрттің нақты себебін анықтап жатыр.
Мексиканың солтүстік-батысындағы тұрмыстық тауарлар дүкенінде болған жарылыс пен өрттен кемінде 23 адам көз жұмды, олардың арасында балалар да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ABC-ге сілтеме жасап.
Сонора штатының губернаторы Альфонсо Дурасоның айтуынша, өрт қаланың орталығында орналасқан дүкенде тұтанған.
Жалын тез таралып, 12 адам түрлі жарақат алған, олардың барлығы алты түрлі ауруханаға жеткізілді.
"Қаза тапқандардың көпшілігі улы газды жұтып, тұншығудан көз жұмған", – деді штаттың бас прокуроры Густаво Салас Чавес.
Ол тергеу барлық нұсқаны қарастырып жатқанын, қасақана өртеу белгілері анықталмағанын атап өтті.
Желіде жарияланған бейнежазбаларда өрт дүкен ғимаратын түгел шарпығаны көрінеді.
Бір видеода ауыр жарақат алған ер адамның дүкеннен жүгіріп шыққаны және асфальтқа құлаған сәті түсірілген.
Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газ баллоны немесе электр ақауынан болуы мүмкін.