Бұл туралы ол Каракастағы Мирафлорес сарайында өткен "Бейбітшілікті қорғауға арналған Үлкен Кариб парламенттік кездесуі" барысында мәлімдеді.
Венесуэла президенті Николас Мадуроның айтуынша, АҚШ-тың Кариб аймағындағы әскери белсенділігі Венесуэланың табиғи ресурстарына бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
"Бізді нысанаға айналдырып отыр, себебі біз әлемдегі ең ірі мұнай қорына иеміз. Егер Венесуэлада 30 миллион гектар құнарлы жер, стратегиялық маңызы бар географиялық орналасу, әлемдегі ең үлкен мұнай қоры және табиғи газдың төртінші ірі қоры болмаса, бәлкім, біздің атымыз да аталмас еді", – деді Мадуро.
Мемлекет басшысы сондай-ақ АҚШ-ты халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарын өз мүддесіне пайдалануда айыптады.
"Олар Венесуэлаға қарсы соғысты заңдастыруға бағытталған жалған нарративті қалыптастырғысы келеді. Бұл – біздің бай табиғи ресурстарымызды тонау және билікті құлату жоспарының бір бөлігі. Шын мәнінде, Венесуэла кінәсіз. Бізге қарсы жасалып жатқанның бәрі – соғыс пен режимді ауыстыру әрекеті. Біз – бай тарихы бар халықпыз және өз ар-намысымыздан ешқашан бас тартпаймыз. АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы риторикасы – жалған айып пен жалаға толы", – деді ол.
Мадуро Венесуэла халқы бейбіт өмір сүріп, өз мәселелерін тәуелсіздік пен егемендік рухында шешкісі келетінін атап өтті.
"Біздің латынамерикалық және карибтік бауырларымыз білуі тиіс: Венесуэланың тәуелсіздік, егемендік және бейбіт өмір үшін күресі – бүкіл Америка құрлығының күресі. Біздің жеңісіміз – бүкіл Америка жеңісі болады. Біз империалистік өтірікке қарсы бейбітшілікті таңдаймыз", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне қарсы күрес аясында қарулы күштердің белсенді қатысуына мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған болатын.
Тамыз айының соңында АҚШ Венесуэла жағалауына суасты қайығы мен бірнеше әскери кемеден тұратын теңіз топтамасын жіберді. АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет америкалық армия Венесуэлада операциялар жүргізуге, соның ішінде билікті ауыстыруға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде президент Мадуро 4,5 миллионнан астам халық жасақтарын мобилизациялау туралы жариялап, елдің кез келген агрессияға қарсы тұруға әзір екенін айтты.
АҚШ әскери күштерінің Венесуэла жағалауындағы кемелерге "есірткімен күрес" сылтауымен жасаған шабуылдары Венесуэла билігі мен халықаралық қауымдастықтың қатты сынына ұшырады. Бұл әрекеттер халықаралық құқық нормаларын бұзу деп бағаланды.