Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылындағы мектептің мұғалімдері директордан көрген қорлығымыз көп деп шу шығарды. Шыр-пыр болған педагогтар жаңа басшы келгелі ұжымнан береке кетті деп отыр. Олардың айтуынша, ұстаздарды жұмысқа конкурссыз қабылдап, білгенін істейді. Ол аздай, қарсы шықсақ жұмыстан босатып, қудалайды деп ашынады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Информбюро 31-ге сілтеме жасап.

"Мектеп директорымыз біздерге қысым жасау арқылы сол кісіден жазаның түр-түрін алып жатырмын. Және қысымның түрін көріп жатырмын. Мен оған шындықты айтып, үнемі қарсы шығатындықтан ол кісі мен жолынан алып тастағысы келіп, қазір ең ауыр тигізіп тұрғаны 21 қазаннан бастап мені жұмысымнан босатып тастады. Бірақ ешқандай түсініктеме де берілмейді. Сөгіс те берілмейді", — дейді Кеңқияқ орта мектебінің бұрынғы мұғалімі Ханым Ахметжанова.

Басшы ескі кадрларды тазалап, таныстарын конкурссыз жұмысқа қабылдайды дейді шағымданушылар. Осы бассыздықтарды жіпке тізіп, білім басқармасына айтып бердік. Бірақ еш шара қолданылмады деп күйінеді.

"Биыл конкурссыз математика пәнінің мұғалімі алынып жатыр. Одан қалды биылғы жұмысқа алынған мамандардың бәрін де тексеруді талап етемін. Себебі оның біреуінде педагогикалық текстен өткен қағазы бар ма жоқ па. Ол күмән туып тұр. Былтыр да бір-екі мұғалім кірді. Олардың да педагогикалық тестен құжаттары бар ма, жоқ па күмән тудырады", — дейді Кеңқияқ орта мектебінің мұғалімі Жанаргүл Бегімбетова.

Басы дауға қалған директордың өзі қарамағындағы қызметкерлердің сөзін жоққа шығарды. Олардыі айтуынша, бір ғана ұстаз еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан шығарылған.

"Бұл педагог мектептің ішкі тәртіп ережесін бірнеше рет бұзу фактісі орын алды. Осыған байланысты тәртіптік шара қолданылды. Және еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан босатылды", — дейді Кеңқияқ жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Айнаш Бришева.

Ал облыстық білім басқармасы мектептегі жағдайдан хабардар. Тіпті, ұжыммен кездесу өткізген. Және тексеріс жұмыстарын да бастапты.

"Жалпы басқа да жағдайлардың мән-жайын анықтау мақсатында облыстық білім басқармасы жанынан зерделеу тобы құрылды. Кешенді түрде зерделеу жүргізіледі. Сол зерделеудің қорытындысымен ғана нақты шешім қабылданады", — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Шенеуніктердің жауабына қанағаттанбаған ұстаздар енді министрліктен араша сұрамақ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget