Айыппұл көлемі 350 миллион теңгеден асты.
Алматы қаласында ауаның ластануына ең көп әсер ететін факторлардың бірі – автокөліктер. Бұл туралы қалалық экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, бүгінде қалада 706 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұдан бөлек, күн сайын шамамен 400 мың көлік сырттан кіріп-шығып тұрады. Ауа сапасын бақылау үшін қала аумағында 19 экологиялық бекет орнатылған.
"Биыл тоғыз айдың ішінде ауаға зиянды заттарды шекті мөлшерден артық бөлгені үшін 18 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Автокөлік иелеріне 355 миллион теңгеден астам айыппұл салынды", – деді Д. Лесбеков.
Жүргізушілердің кейбірі қабылданып жатқан шараларға қарамастан, көліктерінің техникалық жағдайына назар аудармайтынын да атап өтті.
"Көлігіңізде ақау болса, оны жөндеуді кейінге қалдырмаңыз. Бұл ауамен өзіңіз де, балаларыңыз да тыныс аласыз. Қаланың ауасын таза ұстау – бәріміздің ортақ міндетіміз", – деп ол.
Экология департаменті басшысы сонымен қатар Алматыда ауа сапасын жақсартуға бағытталған жаңа ережелер әзірленгенін айтты. Құжатта зиянды заттардың шығарындыларын бақылауға қойылатын талаптар, олардың көлемін азайту тетіктері және ластану деңгейі төмен аймақтарды дамыту шаралары қамтылған. Сондай-ақ қалада ауа сапасын үздіксіз мониторингтеу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
 
                         
                                             
                                            