Келіссөздердің жаңа кезеңі 6 қарашада өтеді.

Ауғанстан мен Пәкістан шекарадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздерді жалғастыруға келісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алдағы кездесулер туралы мәлімет Түркия мен Қатардың арағайындығымен өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар қабылдаған бірлескен мәлімдемеде көрсетілген.

Құжатты Түркия Сыртқы істер министрлігі таратты.

"Ауғанстан, Пәкістан, Түркия және Қатар 25-30 қазан аралығында Ыстанбұлда кездесулер өткізді. Кездесудің мақсаты – осы жылғы 18-19 қазанда Дохада Түркия мен Қатардың делдалдығымен Ауғанстан мен Пәкістан арасында қол жеткізілген атысты тоқтату режимін нығайту болды. Барлық тараптар бітім шартын жалғастыруға келісті. Оның әрі қарай жүзеге асырылу шарттары 6 қарашада Ыстанбұлда өтетін кездесуде талқыланып, нақты шешім қабылданады", – делінген мәлімдемеде.

Құжатта барлық тараптардың бейбітшілікті сақтау мен шарттарды бұзғандарға санкция қолдануды қамтамасыз ететін мониторинг және тексеру тетігін құруға уағдаласқаны атап өтілген.

"Арағайын елдер ретінде Түркия мен Қатар тараптардың белсенді қатысуына ризашылық білдіріп, аймақта тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді", – деп көрсетілген құжатта.