2026 жылдың ақпанынан бастап жүргізушілер қосымша шығындалуы мүмкін.

Қазақстан 2026 жылдың ақпанынан бастап мотор майларына міндетті цифрлық таңбалау жүйесін енгізуге дайындалып жатыр. Ал бір жылдан кейін толық қадағалау жүйесі іске қосылады. Бұл жаңашылдық нарыққа және май бағасына қалай әсер ететіні әзір белгісіз. Редакция тілшісі осы мәселені зерделеп көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Автонарықты мониторинг және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның сөзінше, мотор майларын таңбалау ең алдымен контрафактілік өнімдерге айтарлықтай әсер етеді. Оның айтуынша, таңбалау импорттық майларға да, Қазақстанда және ЕАЭО елдерінде өндірілетін өнімге де қолданылмақ.

"Таңбалауға кететін шығынға келсек, алдын ала есеп бойынша ол өнім бірлігі құнының 1%-ынан аспайды. Бағаға логистика, валюта бағамы және дистрибьюторлардың аймақтық саясаты айтарлықтай әсер етеді", – деді ол.

Сарапшының айтуынша, контрафактілік майларды пайдалану қозғалтқыштың айтарлықтай бұзылуына негізгі себеп екенін автосервис тәжірибесі көрсетіп отыр. Бұл көлік дөңгелектерінің тозуына, астарының бүлінуіне, цилиндрдің жұмысына, ал қысқы уақытта майдың қоюланып, резеңке тығыздағыштардың зақымдануына әкеледі.

"Осындай ақаулар техниканы жөндеу кезіндегі ең қымбат шығындардың біріне жатады. Бұл ең қарапайым және арзан қозғалтқыштарды жөндеудің өзі жүздеген мың теңгеге түсуі мүмкін деген сөз", – деді Артур Мискарян.

Мемлекет осындай қадамға не үшін барды

Майларды таңбалау жоспарын тауар айналымын бақылау әрі көлеңкелі нарықпен күресу бағытындағы мемлекеттік стратегияның бір бөлігі деуге болады. Соңғы жылдары темекіге, дәрі-дәрмекке, аяқ киімге, шиналарға, тұрмыстық техникаға және басқа да тауарларға қатысты міндетті цифрлық таңбалау енгізілген.

Энергетика министрлігінің жобасына сәйкес, майларды таңбалау басқа тауарлармен бірдей тәртіппен жүзеге асады. Өндірушілер мен импорттаушылар тауар сатылымға шыққанға дейін оған DataMatrix-код енгізуі тиіс. Бөлшек сауда нүктелері енді кассаларды сканерлермен жабдықтап, қадағалау жүйесімен жұмыс істейтін болады. Өз кезегінде тұтынушылар майдың түпнұсқалығын мобильді қосымша арқылы тексере алады. Яғни, кодты сканерлегеннен соң жүйеде өндіруші мен тауардың дүкенге дейінгі жолы көрсетіледі. Цифрлық таңбалауды бастау 2026 жылдың ақпанында көзделіп отыр, ал толық қадағалау жүйесі 2027 жылдың ақпанында іске қосылады.

Мемлекет өз алдына бірнеше мақсат қойып отыр. Ең бастысы – нарықты жалған және "сұр" өнімдерден тазарту. Бұдан бөлек билік импорттың ашықтығын қамтамасыз етіп, салық шығындарын азайтып, өндірушіден тұтынушыға дейінгі тауар қозғалысын бақылағысы келеді.

Жалпы алғанда, мотор майларының нарығы жалған өнімдер ең жиі кездесетін салалардың бірі ретінде аталады. Әсіресе, бұл арзан ұсыныстар мен көлікжай сервисіндегі ұсыныстарға қатысты. Сол себепті мемлекет майларды таңбалауға жататын тауарлар тізіміне қосып отыр.

Бұл ретте бизнес қосымша шығындар мен шағын компанияларға түсетін жүктеме үшін алаңдап отыр. Әсіресе, бұл шағын көлем және төмен маржамен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты. Әзірге бағалар қалай және кім үшін өсетіні белгісіз.

inbusiness.kz осы мәселеге қатысты Энергетика министрлігінен қосымша түсіндірме күтуде.