Негізгі экономикалық факторлар тұрақты.
Келесі жылдың аяғына қарай доллар бағамы 600-610 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл туралы Halyk Finance сарапшыларының келесі жылға арналған болжамында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қыркүйек айының соңында теңге бағамы әлсіреп, бір доллар 549 теңгеге жетті. Бұған импорт көлемінің артуы мен валюта нарығындағы өтімділіктің шектеулі болуы себеп болған. Десек те, негізгі экономикалық факторлар тұрақты. Мұнай бағасы барреліне шамамен 69 доллар деңгейінде болады, мұнай экспорты артып келеді. Біздің болжамымызға сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай теңге бағамы бір доллар үшін 550-560 теңгеге дейін әлсірейді, ал 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 600-610 теңгеге жетуі мүмкін", – делінген зерттеуде.
Сарапшылар мұны сыртқы экономикалық тәуекелдермен және ішкі факторлармен байланыстырып отыр.
Halyk Finance 2025 жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжамды 5,6% деңгейінде қалдырып отыр.
"Жыл соңына қарай қарқын бәсеңдеуі мүмкін, өйткені фискалдық ынталандыру шаралары азаяды, өткен жылғы база жоғары болған. 2026 жылы экономика өсімі 4,5%-ға дейін баяулауы мүмкін. Бұл мұнай бағасының төмендеуімен, мұнай өндірісінің баяулауымен, Ұлттық қордан трансферттердің азаюымен, салық мөлшерлемелерінің өсуімен, тұтынушылық несиелеу қарқынының төмендеуімен, инфляцияның жоғары болуымен, халық табысының өсу қарқынының бәсеңдеуімен байланысты", – деді сарапшылар.
 
                         
                                             
                                             
                                            