Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай елімізде білім алатын шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отырғанын мәлім етті. Сондай-ақ шетелдік студенттердің Қазақстанда тұрақтап қалуы үшін жұмыспен қамту бағдарламасы ашылатынын айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан – академиялық білім аймағы" стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі.

Президенттің айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш.

2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады.

Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.

"Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаңызға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отырғанын әрі Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы маңызды іске белсенді атсалысуға ниет білдірді. Сізбен бірге жұмыс істейміз. Міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру. Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Ербол Маратұлы Исақаев баяндағандай, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі елімізде күкірттің қоры мол. Аталған жоба химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткілдердің шешілуіне түрткі болады", — деді мемлекет басшысы.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз