Тоқаев OpenAI-мен келісім нәтижесінде ChatGPT негізінде білім беру құралдары енгізілгенін айтты .
Бүгін елордада өткен "Қазақстан – академиялық білім аймағы" халықаралық стратегиялық серіктестер форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ChatGPT технологиясына негізделген білім беру құралдарын енгізетін ілкі жоба басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.
Форумға үздік шетелдік университеттердің жетекшілері, халықаралық рейтинг агенттіктері мен аккредиттеу ұйымдарының өкілдері қатысты. Президент өз сөзінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру елдің басты стратегиялық мақсаты екенін атап өтті.
"Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бүгін спикерлер жасанды интеллектінің жаһандық прогресті ілгерілетудегі рөліне баса назар аударды. Шын мәнінде, осы технология адамзаттың болашағына әсер ететін жаңа қозғаушы күшке айналып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы AI Sana бағдарламасы арқылы 540 мыңнан астам студенттің жасанды интеллект негіздерін меңгергенін, сонымен қатар ЖИ пәні барлық мектеп пен университеттерде міндетті курсқа айналғанын айтты. Сонымен қатар елімізде Жасанды интеллект университетін ашу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Қызылордадағы сапарын "Қорқыт ата" әуежайын аралаудан бастады
"Қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапар кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік. Соның нәтижесінде, Қазақстан ChatGPT негізіндегі білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыра бастады", – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, бұл бастамалар отандық білім беру жүйесін цифрлық тұрғыдан түбегейлі трансформациялауға, сондай-ақ жасанды интеллект әлеуетін білім саласына терең енгізуге жол ашады.
 
                        