Өскемендік 19 жастағы Иван Пыленоктың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

YK-news.kz мәліметінше, сот ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігі бойынша ("Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру") үкім шығарған.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 2 тамызда Б. Александров атындағы Спорт сарайының фойесінде Иван Пыленок пен Л. есімді ер адам арасында жанжал шыққан. Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қарсыласы хоккейшіні мойнынан қысып ұстап, біраз уақыт бойы күштеп сол қалыпта ұстаған.

"Оларды ажыратқаннан кейін Иванның жағдайы күрт нашарлап, ол жерге құлады. Жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Сараптама қорытындысына сай, өлімнің себебі — мойынның рефлексогенді аймағына тиген жабық соққы салдарынан жүрек қызметінің рефлекторлық тоқтауы болған", — деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот Л.-ның әрекеті мен жігіттің өлімі арасында тікелей себеп-салдар байланысы барын анықтады.

"Л. тарапынан қылмыстық немқұрайлылыққа жол берілген, соның салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқты", — делінген сот шешімінде.

Марқұмның ата-анасы мұнымен келіспей, айыптауды ҚК 106-бабының 3-бөлігіне — "Адамның өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына қайта саралауды сұраған.

Нәтижесінде сот айыпталушыға 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық туралы заңға сәйкес, Л. жазадан босатылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, "Торпедо" жастар хоккей командасының қақпашысы Иван Пыленок 2024 жылғы 2 тамызда Өскемендегі Спорт сарайында өзін жайсыз сезініп, кейін ауруханада көз жұмған еді.