Шымкентте Nazira Gold қаржы пирамидасын құру және басқару ісі бойынша сот үкімі шықты , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Тергеуді ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізді. Өзін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға ай сайын салынған қаржының 20-40% көлемінде табыс уәде еткен. Алайда төлем нақты табыстан емес, жаңа салымшылардың есебінен жүзеге асырылып отырған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан аса азамат тартылған.

Күдіктілер салымшылардан түскен ақшаны қымбат көліктер, жер телімдері мен пәтерлер сатып алуға жұмсаған.

Сот үкімі

Сот үкімімен 9 адам кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сот шешімімен 402 млн теңге көлеміндегі қаражат, 52 көлік, жеке тұрғын үй, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі 2 пәтер, 17 келі зергерлік бұйым мемлекет пайдасына тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұл қаржы пирамидасы биыл наурызда әшкере болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!