Қоғамның дамуы мен халықтың тұрмыс деңгейі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Әлеуметтік жағдайды жақсарту тек мемлекеттік бағдарламалар мен жалақы өсімі арқылы ғана емес, сонымен қатар жергілікті экономикалық бастамалар арқылы да жүзеге асады. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында әлеуметтік-экономикалық ахуалды едәуір жақсартуға бағытталған көптеген жобалар іске асырылып отыр.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жуырда шаһардағы құрылысы жүріп жатқан саябақ, мектеп және жылу беру жұмыстарының барысымен танысты. Қала басшысының айтуынша, жыл басынан бергі 9 ай көлемінде Түркістан қаласының негізгі капиталына 316,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі болып табылады. Сонымен қатар, көне шаһардағы туристік инфрақұрылымды дамыту басты назардағы мәселе. Түркістанға саяхаттап келгендерге жаңа мүмкіндіктер ұсыну мақсатында жалпы құны 49,4 миллиард теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылуда.

Соңғы жылдарда қайта түлеген, түрленген Түркістандағы әр салада жаңалықтар көп. Осындай жобалардың бірі – жаңадан ашылған Парасат саябағы. Бүгінгі күні саябақта реконструкциялық жұмыстар жалғасын табуда. Бұл жұмыс барысымен қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып танысты. «Түркістан қаласында Парасат саябағын реконструкциялау» жобасы 2021 жылы әзірленіп, 2023 жылы құрылыс жұмыстары басталған болатын. Содан бері жобаның бірінші және екінші кезеңдері бойынша саябақты жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аумағы 14 гектарды құрайтын саябақта бүгінде 2 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Демалыс аймағында балалар ойын алаңшалары, жабық және ашық футбол алаңдары, баскетбол және теннис корттары салынды», – дейді қала әкімі.

Қала тұрғындарының ықыласына бөленген саябақта 200-ден астам заманауи жарық шамдары орнатылып, 7 мың шаршы метрге асфальт жабыны төселген. Сонымен қатар тұрғындардың ыңғайлығы үшін 100-ден астам орындық қойылған. Саябақ аумағында жазғы сахна, веложолақтар, жаяу жүргіншілер жолдары және тұрғындардың жайлы демалысына арналған өзге де инфрақұрылым элементтері қарастырылған. Қала әкімі құрылыс сапасы мен абаттандыру жұмыстарының толық аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, мердігер мекемеге абаттандыруды уақытылы әрі сапалы аяқтауды, саябақ аумағындағы қауіпсіздік пен тазалықты сақтауға ерекше назар аударуды тапсырды.

Түркістан қаласының білім саласында да айтулы жаңалықтар бар. Биылдың өзінде Түркістан қаласында 3 жаңа мектеп пен 7 балабақша пайдалануға берілді. Қала халқының саны соңғы жылдарда күрт өскен шаһар үшін бұл өте маңызды жобаларға айналды. Түркістан шаһарындағы білім беру инфрақұрылымының кеңеюі балалардың сапалы білім алуына, тәрбие ісін жолға қоюға жол ашады.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша қазіргі таңда Түркістан қаласында 38 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мектеп екі ауысымда, 5 мектеп бір ауысымда оқушыларға білім беруде. Бұл білім ұяларында 55252 оқушы білім алуда екен. Биыл 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Қала әкімі осы мектептерде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Түркістан қаласы мектептерінің көрсеткіштері жыл сайын ілгерілеуде. Айталық, былтырғы оқу жылында 3069 түлек 11-сыныпты тәмамдады. Олардың ішінде 244 оқушы – «Үздік аттестатқа», ал 183 түлек – «Алтын белгіге» үміткер болып тіркелді. Сонымен бірге, қаладағы 44 мектептен 2799 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Түркістан қаласында білім сапасын арттыруға, жаңа мектептер мен балабақшалар салуға, оқу орындарын жөндеуге және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты қала басшысы.

Қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартудағы маңызды тетіктердің бірі – нарықтағы баға саясатын жіті қадағалап, қолжетімді бағадағы азық-түліктердің сатылуына жағдай жасау. Осындай тәсілдердің бірі – жәрмеңке өткізу дәстүрі. Жәрмеңке – халық пен кәсіпкерлердің, ауыл шаруашылығы өндірушілері мен тұтынушылардың арасындағы тікелей байланыс алаңы. Мұндай іс-шаралар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдары делдалсыз сатылып, баға қолжетімді деңгейде сақталады. Бұл – бір жағынан, тұрғындарға арзан әрі сапалы өнім сатып алуға, екінші жағынан, өндірушілерге табыс табуға мүмкіндік береді.

Осы орайда Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара барысында қала тұрғындарына сапалы өнімдер қолжетімді бағада ұсынылды. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарлары сондай-ақ «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері саудаға шығарылды. Нарықтағы бағадан 30-50 пайызға төмендетілген бағамен сатылған азық-түлік тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. – Бұл жәрмеңке ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілер үшін де өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен аптада «Отырар» мөлтек ауданында өткен жәрмеңке бүгін «Бірлік» секторында өтуде. Кезекті жәрмеңке 10-қазан күні «Яссы» секторында (Хақназар хан көшесін н/з фронт офис) өтеді деп жоспарлануда, – деді «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев.

Жәрмеңкеге келген жұртшылық күнделікті тұтынатын картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдерін тиімді бағамен сатып алды. Сауда алаңы қала тұрғындарын арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің де дамуына серпін берді.

Қолжетімді бағадағы тауарларды сатып алуға келген қала тұрғындарына 30 тоннадан астам ауыл шарушылығы өнімдері сатылды. Мәселен, картоп 140, пияз 85, сәбіз 140-теңгеден саудаланды. Ал, қырыққабаттың бағасы 100 теңге. Сондай-ақ, сиыр етінің бағасы – 2500 теңге, тауық еті – 1100 теңге. Наның бағасы 80, жұмыртқаның данасы 45 теңгеден сатылды.

Яғни жәрмеңке өткізу – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың тиімді жолдарының бірі. Ол тек экономикалық табыс көзі емес, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың, ұлттық мәдениеттің көрінісі. Сондықтан да жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру – халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, елдің әлеуметтік тұрақтылығына да оң әсерін тигізеді.

Қыс мезгілі жақындап қалғандықтан, жылыту маусымына дайындық мәселесіне айрықша назар бөлінуде. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы жылу барысымен танысу үшін қазандықтар жұмысымен танысты. «Қазіргі басты маңызды мәселелеріміздің бірі – қысқы жылыту маусымына дайындық барысы бойынша бірнеше әлеуметтік нысандар мен І және ІІ шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қазандықтары мен жертөлелерін араладым. Тұрғындармен сөйлесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдадым. Кей үйлердің жертөлесіне түсіп, жылу құбырлары мен жүйелердің жағдайын тексердік. Биыл бұл аудандардағы 75 көпқабатты тұрғын үйде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктерді толық ретке келтірдік. Қазір толық дайын деуге болады. Барлығы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Қала бойынша жалпы 12561 тұтынушы орталықтандырылған жылу жүйесінен жылу алады. Оның ішінде 223 көпқабатты үй, 18 бюджеттік ұйым, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй кешені бар. Жауапты мекемелерге тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге дер кезінде әрекет етіп, ақау анықталған жағдайда жөндеу жұмыстарын жедел ұйымдастыруды, барлық үйлердің жылыту жүйесін күнделікті бақылауда ұстауды тапсырдым. Әкімдік пен коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Жылу беру маусымы 1 қарашаға дейін толық қосылады. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарының жайлылығын қамтамасыз ету. Әр отбасының үйі жылы, көңілі тыныш болса – біздің еңбегіміздің нәтижесі сол» дейді қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.