Астанада үстел теннисінен Қазақстан Президентінің Ашық Кубогі аяқталды.

Турнирге әлемнің 14 елінен 300-ден астам спортшы қатысты. Іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен Nomad академиясы ұйымдастырды. Жарысқа әлемдік ITTF рейтингінің 100-дігіне кіретін спортшылар мен ел үздіктері қатысты. Онда жекелей және топтық сындарда жасөспірімдер мен ересектер бақ сынады. Бес күнге созылған бәсекенің жеңімпазы – Ресей құрамасы. Ал жүлдегерлер қатарынан Иран, Корея және Гонконг құрамалары көрінді. Ал жасөспірімдер арасында қазақстандық теннисшілердің бағы жанып, бірнеше медаль иеленді.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:

- Бірінші рет ауқымды деңгейде өтіп жатыр. Балаларымызға осындай мүмкіндік беріп, осы жерге үстел теннисінің халықаралық деңгейдегі үлкен жұлдыздарды шақырған. Сонымен қатар жарыспен бірге шоу-матчқа куә болдық. Шоу-матчқа әлемде танымал, үлкен жетістікке жеткен Сюй Синь, Вернер Шлагер спортшыларымыз қатысты.