Жамбыл облысында қала сыртындағы балалар лагерлерінің 2025 жылғы жазғы маусымға дайындығы барлық деңгейде пысықталуда. Бұл туралы Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірдегі сауықтыру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, санитариялық қауіпсіздік шаралары күшейтілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы
Жамбыл облысының аумағында қала сыртындағы 11 лагерь бар. Тағы бір лагерь жыл бойы жұмыс істейді. Оның ішінде бесеуі мемлекеттік, екеуі сенімгерлік басқаруда, ал бесеуі – жеке меншікте. Биылғы жазғы маусымда маусымдық алты лагерь және жыл бойы жұмыс істейтін бір лагерь қызмет атқаруы жоспарлануда, — деді Салтанат Қордабайқызы.
Жыл бойы жұмыс істейтін лагерь «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы Жамбыл ауданында орналасқан. Маусымдық лагерлердің қатарында Қордай ауданындағы «Балауса», Мерке ауданындағы «Жұлдыз», Талас ауданындағы «Жұрынды сай», Тараз қаласындағы «Болашақ», сондай-ақ Жуалы ауданындағы жеке меншіктегі «Таусамалы» мен «Берікқара» лагерлері бар.
Биыл бес лагерь жұмыс істемейді деп хабарланған. Олар – Байзақ ауданындағы «Кооператор Бәйтерек», Т.Рысқұлов ауданындағы «Әлия Молдағұлова», Сарысу ауданындағы «Жұлдыз», Тараз қаласындағы «Рауан», тағы бір жекеменшік лагерь.
Спикердің айтуынша, лагерьлер типтік жобада салынған. Барлығында душ, монша, спорт алаңдары, ауыз су бұрқақтары бар. Бес лагерьде бассейндер орнатылған. Сумен жабдықтау жергілікті ұңғымалар арқылы қамтамасыз етілген. Эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін лагерь басшыларымен арнайы чаттар құрылып, ақпарат алмасу схемалары бекітілген.
Өткен жылы жылы бес лагерьге мониторинг жүргізіліп, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілері анықталған.
«Лагерьлер тек ресми санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алғаннан кейін ғана балаларды қабылдай алады», – деп атап өтті спикер.
Өз сөзінде деартамент басшысының орынбасары облыс эндемиялық өңір ретінде танылғандықтан, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күрес шаралары ерекше назарда екенін атап өтті.
Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандары – қауіп төндіретін аймақтар. Сондықтан лагерьлердің айналасындағы аумақ 500 метр радиуста тазартылып, қоршау қойылуы тиіс. Кенеге қарсы өңдеу жұмыстары балалар келгенге дейін 5–7 күн бұрын жүргізілуі қажет, – деді Салтанат Қордабайқызы.
Лагерь қызметкерлері, медицина мамандары, аспазшылар гигиеналық дайындықтан өтіп, медициналық тексеруден өткен болуы тиіс. Балаларға 071/У нысаны бойынша медициналық анықтама мен инфекциялық аурулармен байланыссыз деген анықтама қажет.
Брифинг барысында спикер ата-аналарға да бірнеше кеңес берді.
Лагерьге жолдама аларда оның санитариялық қорытындысы бар екенін тексеріңіздер. Баламен бірге лагерь ережелерін талқылаңыздар, жеке күтім құралдарын беруді ұмытпаңыздар. Кене шақса, бала оны өзі жұлып тастамауы тиіс – бұл туралы міндетті түрде тәрбиешіге хабарлау қажет, — деді ол.
Сондай-ақ, тамақтану қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуы тиіс. Балаларға жолға тез бұзылатын өнімдер берілмеуі керек, тек өнеркәсіптік қаптамадағы печенье, вафли, су, дымқыл майлық, қолды өңдеуге арналған құрал салу ұсынылады.Жазғы маусымға дайындық бойынша жол картасы әзірленіп, облыс әкімінің орынбасары бекіткен. Қаңтар айынан бастап лагерьлермен жұмыс басталып, кең көлемде семинарлар, оқытулар өткізілген.
Ведомствоаралық штаб құрылып, сәуір айында алғашқы отырыс өтті. Жазғы демалысты ұйымдастыру – бұл тек санитарлық қызметтің емес, барлық атқарушы органның бірлескен міндеті», – деді Салтанат Қордабайқызы.
Жамбыл облысында жазғы демалысты қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Лагерьлер санитариялық талаптарға сай келуі, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – басты назарда.
Жазғы сауықтыру лагері – бұл баланың иммунитетін нығайтып, жаңа оқу жылына күш-қуат жинауға үлкен мүмкіндік. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктің бала үшін пайдалы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету, — деп қорытындылады Салтанат Әлібаева.
Ақпарат ретінде айта кетейік, биыл Жамбыл облысында жазғы демалыс кезеңінде 1–10 сынып аралығындағы 45 183 оқушы сауықтыру лагерьлерімен қамтылады. Бұл жалпы оқушы санының 27,2%-ын құрайды.