Оқиға 2025 жылдың 16 қыркүйегінде болған.
Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жылдамдықты асырып айыппұл салу туралы қаулының күшін жойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала тұрғыны жол қозғалысы ережелерін бұзып, белгіленген жылдамдықты 10-20 шақырымға асырған. Сотта әйел мұндай әрекетке мәжбүр болғанын айтты. Сол күні оның эпилепсиямен ауыратын ұлының тырысуы басталып, оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізу қажет болған.
"Ол күні баласының дене қызуы көтеріліп, тырысуы басталған. Баласының жағдайы күрт нашарлаған соң, анасы оны тезірек ауруханаға жеткізу үшін жылдамдықты арттырған", – делінген сот хабарламасында.
Сот материалдарын зерттей келе, судья әйелдің әрекеттерін мәжбүрлі жағдай деп таныды. Яғни, жүргізуші жылдамдықты баласының өмірі мен денсаулығына төнген тікелей қауіптің алдын алу мақсатында асырған. Мұндай жағдайлар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 37-бабында қарастырылған.
Осылайша, айыппұл төлеу туралы қаулының күші жойылып, іс өндірістен тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Сонымен қатар мамандар азаматтарға егер айыппұл қаулысымен келіспесе немесе құқықбұзушылық болмағанын дәлелдей алады деп есептесе, шағым түсіруге болатынын еске салады.
Шағым берудің қолжетімді тәсілдері:
• eGov және eOtinish платформалары арқылы;
• Әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) платформасы арқылы;
• Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөліміне жеке өтініш беру арқылы.
Балама шағым беру нұсқалары:
• Жоғары тұрған органға шағым түсіру;
• Айыппұлды сот тәртібімен даулауға болады.
Сондай-ақ айыппұл қаулысы шыққан күннен бастап 7 күнде төленсе, 50% жеңілдікпен өтеуге болатыны да атап өтілді.