Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда ережелеріне өзгерістер енгізу жөніндегі жоба дайындады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жоба азаматтарға жеке мақсатта пайдалануға арналған автокөлікті лизинг шарты арқылы сатып алу мүмкіндігін беруді көздейді. Бұл шарт бойынша көлікті кейіннен толықтай өз меншігіне алу немесе лизинг берушіге қайтару қарастырылған.
Министрліктің мәліметінше, осы тетік автокөлікке қолжетімділікті арттыруға, ішкі автолизинг нарығын дамытуға және бәсекелі орта қалыптастыруға қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Ұсынылып отырған өзгерістерге сай, лизинг шарты бірыңғай үлгіде рәсімделмек. Дегенмен, лизинг беруші келісімге лизинг алушының жағдайын жақсартатын қосымша талаптар енгізе алады.
Лизингтік қызмет Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сондай-ақ "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы", "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңдары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Бұл талаптар қолданыста болған (пайдаланылған) көліктерге таралмайды. Лизинг шартының тараптары өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Жобаның мәтіні "Ашық НҚА" интернет-порталында 2025 жылдың 2 қарашасына дейін көпшілік талқылауына ұсынылған.
Еске салайық, 2025 жылдың 16 қазанында премьер-министр Олжас Бектенов үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен кеңесте жеке тұлғаларға жеңіл автокөліктерді лизинг арқылы сатып алу тетігін енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Бұл бастама азаматтардың көлік сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.