Түркияның Коджаэли провинциясындағы Гебзе қаласында жеті қабатты тұрғын үй опырылып түсті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, үйдің астында адамдар қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары қарқынды жүргізіл3п жатыр, деп хабарлайды Egemen .kz.
Әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жоқ.
Оқиға орнына полиция, өрт сөндіру қызметі, төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма (AFAD), медициналық қызметтер мен еріктілер шұғыл түрде жеткізілген.
Құтқару жұмыстарына екі кинологиялық топ, адамдарды анықтайтын сегіз құрылғы, екі дрон және 52 техника жұмылдырылған. Барлығы 147 адам, оның ішінде 80 AFAD маманы, жергілікті әкімдік пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып жатыр.
Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликаяның айтуынша, оқиға орнында бес азаматтың үйінді астында қалуы мүмкін.
«Құтқару жұмыстары жергілікті биліктің үйлестіруімен қарқынды жүріп жатыр. Бірқатар министрлік пен ведомство басшылары оқиға орнына жетті», деді министр.
Жергілікті билік тұрғындарды құлаған ғимарат маңына бармауға шақырып, құтқарушылардың жұмысына кедергі келтірмеуді өтінді.