Трамп лауазымына кіріскелі бері елде инфляция қарқын алған.
АҚШ президенті Дональд Трамптың қызметіне деген халықтың қолдау деңгейі төмендеді. Америкалықтардың 57 пайызы оның жұмысын сынға алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Reuters агенттігі мен Ipsos компаниясы жүргізген сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың тек 40 пайызы ғана Трамптың президенттік қызметіне оң қарайды. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткішке қарағанда 2%-ға төмен. Ал оның қызметін мүлдем құптамайтындар үлесі 57%-ға жеткен.
Сауалнамаға қатысқандардың сөзінше, азаматтар шығындар өсіп жатқан тұста Трамптың қабылдаған шараларын сынға алған. Бұл бағыттағы қызметіне респонденттердің 63%-ы қарсылық білдірген.
Reuters жазуынша, Трамп қызметіне кіріскеннен кейін АҚШ-та инфляция деңгейі біршама өсті. Орталық банк пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мәжбүр болған.
Бұған дейінгі президент Джо Байденнің ең төменгі рейтингі 2024 жылдың мамырында тіркелген. Ол уақытта Байденнің қызметін қолдайтындар үлесі 36% болған.