Жетісу облысында Республика күніне орай тақырыптық үш мурал бір уақытта ашылды. Жоба Президенттің "Әділетті Қазақстан" идеологиялық бағдарламасы аясында өңір жастарының бастамасымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сондай-ақ бұл жоба азаматтық жауапкершілікті, экологиялық мәдениетті және қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуға бағытталды.

"Таза Қазақстан", "Адал Азамат", "Заң мен Тәртіп" қағидаларының негізгі принциптерін насихаттау мақсатында салынған бұл муралдар Сарқан ауданының Сарқан қаласындағы, Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы және Көксу ауданының Балпық би ауылындағы көп қабатты үйлер қабырғасының көркін кіргізіп тұр.

"Біз үшін мурал – тек қабырғадағы сурет қана емес, өмірде қандай ұстанымдарды таңдайтынымызды еске салатын маңызды жазба. Сондықтан салынған бұл муралдар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен экологиялық мәдениетті дамыту арқылы тұрақты болашақ қалыптастыру идеясын, адалдық, жеке жауапкершілік және қоғам өміріне белсенді қатысу құндылықтарын, тұрақты әрі әділ мемлекет құруда заңның үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің маңыздылығын көрсетеді. Тазалық сақтау, адал еңбек ету, заңды және адамдарды құрметтеу – қоғамды тұрақты әрі әділ ететін құндылықтар. Сондықтан біз болашағымызды күн сайынғы іс-әрекетіміз қалыптасады деп сенеміз", — деді "Жетісу жастары" КММ директор Шәміл Ванкеев.

Мурал, Таза Қазақстан, Жетісу облысы, Республика күні, сурет — Zakon.kz жаңалық 28.10.2025 22:31

Айта кетсек, Республика күніне орай Zakon.kz тілшісіне түркиялық белгілі тарихшы, профессор Абдуллах Гүндоду сұқбат берген болатын.