Енді айыр қалпақты ағайынның алтын қоры толық көлемде өз аумағында сақталады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкекте Ұлттық банктің жаңа ғимаратының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде енді елдің алтын қорын көлемі мың тоннаға дейінгі жаңа қоймада сақтауға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұған дейін елде алтынды сақтау үшін тиісті инфрақұрылым болмағандықтан, қымбат металдың бір бөлігі шетелде сақталып келген.

"Бұрын мемлекет өз қорының бір бөлігін шетелде сақтауға мәжбүр болды. Енді Ұлттық банк халықаралық стандарттарға сай ең ірі қойманы иеленіп отыр, ол мың тоннаға дейін алтын сақтауға қабілетті. Осылайша, Қырғызстан өз алтын қорын сенімді түрде сақтап қана қоймай, шетелдік серіктестерге де осындай қызмет көрсете алады", – деді Садыр Жапаров.

Президент мемлекет үшін ең бастысы – халықаралық талаптар мен ел мүддесін сақтау екенін атап өтті.

"Мемлекеттің қуаты тек алтын қоры мен табиғи байлығымен емес, ең алдымен халықтың сенімімен, заң үстемдігімен және азаматтарға лайықты өмір қамтамасыз ете алуымен өлшенеді. Ұлттық банк осы құндылықтардың сақтаушысы болуы тиіс", – деп түйіндеді Қырғызстан басшысы.