Қыркүйек айында елімізде Hyundai, Chevrolet, Kia, Toyota және Chery автокөліктері сатылым бойынша үздік бестікті бастады. Қазақстанның Автокөлік Одағы осындай дерекпен бөлісті. Жалпы өткен айда отандық дилерлер 18 мыңнан астам жеңіл көлік сатқан. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. Ал биылғы тоғыз айда қазақстандықтар 161 584 жаңа темір тұлпар сатып алып, тізгіндеген . Бұл көрсеткіш те өткен жылға қарағанда 18%-ға артып отыр.
Елде қыркүйек айында – 4 169 дана Hyundai автокөліктері сатылды. Одан соң 2 942 дана Chevrolet маркалы темір тұлпарлар өз иесін тапты. Үштікті екі мың данадан астам сатылыммен оңтүстік кореялық Kia түйіндейді. Өткен айда сатылым бойынша төртінші орынды Toyota, бесінші орынды Chery иеленді. Қазақстандық автосүйер қауым көбірек таңдау жасаған көліктер қатарында Jetour, Jac, Changan, Geely, Haval маркалары да бар.
Сандарға қарасақ елде жаңа көлік саудасы қызып тұрғаны аңғарылады. «Шет мемлекеттерден де көлік алып келіп жатқандар көбейді», — дейді мамандар. Алайда алаяқтарға тап болу қаупі бар.
Анар Мақашева, Қазақстанның автокөлік одағының президенті:
- 2025 жылдың үшінші тоқсанында сауда тұрақты, ал тұтынушылардың сұранысы былтырғыдан жоғары болды. Нарықта белсенділік артуы өкінішке қарай, алаяқтардың да назарына ілінді. Азаматтардың шетелден көлік сатып алу кезінде алданып қалу жағдайлары жиілеп кетті. Қазақстан азаматтарынан сақтық танытып, көлік алмас бұрын заң тұрғысынан тазалығын тексеруді сұраймыз. Нарықтағы ресми ойыншылар сатып алушыларға тиімді ұсыныстар мен маусымдық жеңілдіктер ұсынады.