ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Түркістан облысының бірқатар жергілікті атқарушы органдары басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізуде, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҰҚК мәліметіне сүйенсек, тергеу шараларына іліккен күдіктілердің бірі – Қоғамдық даму басқармасының басшысы.

"Қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуге бөлінген 191 млн теңге бюджет қаражатын бағыныштысымен сөз байласып ұрлаған",- делінген таратылған ақпаратта.

Сондай-ақ, Ветеринариялық қызметі басқармасы басшысының қаржы-шаруашылық қызметін тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды шығарғаны үшін комиссия өкілдеріне 16 млн теңге мөлшерінде пара беру фактісі тергелуде.

Соттың санкциясымен көрсетілген тұлғалар қамауда ұсталуда.

Бұған дейін күніне 200 мың теңгеге дейін табыс тапқан қазақстандықтардың буда-буда ақшасы мен қымбат көліктері тәркіленгені хабарланған болатын.