Қос тарап сауда және негізгі пайдалы қазбалар бойынша 2 келісімге қол қойған.
Келісім АҚШ президенті Дональд Трамп және Жапония премьер-министрі Санае Такайчидің екіжақты кездесуінің қорытындысы бойынша жүзеге асқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл келісімнің мақсаты – сирек кездесетін жер элементтерін және маңызды минералдардың тапшылығына төтеп беру, жеткізілім тізбегін әртараптандыру, Қытайға тәуелділікті төмендету.
Алғашқысы АҚШ-тағы жапониялық инвестицияның 550 миллиард долларына айырбас ретінде жапон тауарларына 15% баж салығын енгізетін сауда келісіміне арналған.
– АҚШ пен Жапония көшбасшылары екі елдің жылдам және дәйекті күш-жігеріне қанағаттанушылық білдірді және осы ірі келісімді жүзеге асыруға берік ниеттерін қуаттады, – делінген онда.
Екіншісі – өндіру және қайта өңдеу арқылы маңызды және сирек жер пайдалы қазбаларды жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі негіздемелік келісім. Жапония бұл тұрғыда АҚШ экономикасына инвестиция салуға уәде берді, оның ішінде сұйық газ және энергетикалық жобалар бар.
Бұл қадам Қытай экспорт бақылауларын күшейтіп жатқан тұста жасалып отыр. Келісім Трамп-Си Цзиньпин кездесуінің алдында қабылданған.
Еске салайық, Азияға сапарында Трамп Қытайдың экспорттық бақылауы электронды құрылғылар мен басқа да озық технологияларды жасау үшін қажет сирек жер металдарының жаһандық жеткізілімін бұзуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.