Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия президенті Александр Стуббпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббқа бұл сапардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды екенін атап өтті.
"Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Қазақстандықтар Финляндияны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізді құрметтейді. Көптеген отандасымыз сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін", — деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Александр Стубб Қазақстанға үшінші мәрте келіп отырғанын жеткізді.
"Алғаш рет 2008 жылы мен сыртқы істер министрі, ал сіз сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз", — деді ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз