Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі – инсульт.
Әлеуметтік желіде Семейдегі колониялардың бірінде сотталғандарды жаппай басқа жаққа алып кетіп жатқаны туралы ақпарат тарады. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бірақ түрмеде отырған ер адамның көз жұмғаны рас болып шықты.
– Зорлау қылмысы үшін сотталған азамат кенет өзін нашар сезініп, мекеменің медициналық бөліміне жүгінген. Дәрігерлер оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң дереу жедел жәрдем шақырды. Алайда ер адам ауруханада қаза болды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі – инсульт", – делінген хабарламада.
Комитет әлеуметтік желіде тараған "сотталғандарды жаппай көшіру" туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлім етті.
Сонымен қатар ведомство өкілдері жалған ақпарат таратқандардың заң алдында жауапқа тартылатынын ескертіп, халықты тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.