Түркияда жер сілкінісінен кейін мектептер жабылды.

Түркияның Балыкесир провинциясындағы Сындыргы ауданында магнитудасы 6,1 балдық жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Hurriyet.

Жерасты дүмпуі Мәрмәр және Эгей аймақтарындағы елді мекендерде, сондай-ақ Ыстанбұл мен Измир қалаларында сезілген. Сейсмологтардың мәліметінше, зілзала шамамен 5,99 шақырым тереңдікте болған. Негізгі соққыдан кейін 4,2; 3,5; 4 және 3,9 балдық афтершоктар тіркелген.

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликаяның айтуынша, жер сілкінісі салдарынан екі ғимарат қираған.

"Бұл бос тұрған үйлер болатын. Олар алдыңғы жер сілкіністерінде зақымданған еді. Құтқарушылар іздестірудің алғашқы кезеңін аяқтады. Ауылдарда қирау жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, адам шығыны тіркелген жоқ. Бірақ кейбір адамдар үрейден балконнан секіріп, жарақат алған", – деді министр.

Зілзалаға байланысты Балыкесир провинциясындағы барлық мектеп жабылады. Сонымен қатар жүкті әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметкерлерге демалыс беріледі.


Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Түркия инвесторлары өзара мемлекеттік облигациялар нарығына тікелей қол жеткізе алады