Өндірістен шыққан дайын тауарлар Қытай мен Таяу шығыс және Оңтүстік Азия елдерінің нарығына экспортталады.

Қазақстанмен Өзбекстанның шекаралық аймақтарында бірнеше бірлескен ауылшаруашылық кластері құрылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.

Көрші мемлекеттер өндірістік салада құны 221 млн доллардан асатын 13 бірлескен жобаны жүзеге асырып, нәтижесінде 4800 жаңа жұмыс орыны ашылды. Жалпы екі ел арасында 80-нен астам бірлескен жобаны іске асыру мақсаты тұр. Қазақстан мен Өзбекстанның өзара сауда-саттық көрсеткіші былтыр 4,1 млрд доллар болса, биыл 8 айда 3 млрдтан асып, 18,5 пайыз өсім көрсетті. Әсіресе Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдеріне Өзбекстанда сұраныс жоғары. Бидай мен ұн, күнбағыс майы, ет, кондитерлік өнімдер жергілікті нарықта брендке айналған. Көрші елдегі демографиялық өсімді ескерсек, ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын арта берері анық.

"Біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Жоспар: екі елдің өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу. Бұл қолымыздан келеді. Көрші мемлекеттер арасында құрылатын біріккен индустриалды кооперациялар сол мақсаттарға жетуге серпін береді. Әлбетте байланысты тереңдету үшін кедергілер алып тасталуы тиіс. Осы тұрғыда фитосанитария мен ветеринария салаларын ретке келтіру мәселесі қарастырылып отыр. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстанның 80 нен астам ортақ бастамалар пулы бекітілді. Ол өндіріс, көлік-логистика, энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды", – дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.