Астанада 28 қазаннан бастап Д.Қонаев көшесі бойында көлік қозғалысы қайта жанданады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Әкімдік мәліметіне сәйкес, қозғалыс Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықта қалпына келтіріледі.

Нысанның жерүсті бөлігінде негізгі құрылыс жұмысы аяқталды: жаңа жол жамылғысы төселді, таңбалар сызылды, қажетті жол белгілерінің барлығы орнатылды. Аталған учаске толықтай пайдалануға дайын.

Қазіргі уақытта көпір өткелі құрылысының үстіңгі бөлігінде және іргелес аумақта әрлеу және абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр.

"Осы учаскеде қозғалыстың қайта ашылуы елорданың орталық аудандары арасындағы көлік байланысын айтарлықтай жақсартып, көршілес магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға және қала тұрғындары мен қонақтарының жолға кететін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді", — деп сендірді әкімдік өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз