Алатау қаласында бесінші буын (5G) желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылды. Жаңа станция пайдаланушыларға жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Телекоммуникациялар комитеті өкілдері Алатау қаласы әкімдігі және байланыс операторларымен бірлесіп "Заречный" және "Жетіген" шағын аудандарында, сондай-ақ "Алматы–Қонаев" автожолына барды. Олар тұрақты сигналды қамтамасыз етуге және қала маңы мен шалғай аумақтарда байланыс қолжетімділігін арттыруға баса назар аударып отыр.
Іс-шара аясында Алатауда бесінші буын (5G) желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылды. Жаңа станция желінің өткізу қабілетін арттырып, пайдаланушыларға жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша Алатау қаласы әкімдігінде телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған кеңес өтті. Кездесуде бесінші буын (5G) желілерін одан әрі енгізу, мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үй массивтерін жоғары сапалы байланыспен қамтамасыз ету және өңірдегі байланыс сапасын арттыру бағытындағы жоспарлар қаралды.
Жыл соңына дейін Алатау қаласындағы барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.
Жиын қорытындысы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған Алатау қаласын сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына қол қойылды. Құжатта байланыс желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту, жаңа инфрақұрылым салу, сондай-ақ әлеуметтік және білім беру нысандарын жоғары жылдамдықты интернетке қосу шаралары көзделген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз