Мұндай жайсыз хабарды қаладағы Денсаулық сақтау орталығының басшысы Эдвин Сюй (Сюй Цзяньчжун) мәлімдеп отыр.
Оның сөзінше, Гонконгте чикунгунья безгегі алғаш рет анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ТАСС агенттігінің жазуынша, Эдвин Сюй бұл кеселдің зардабын қазірден-ақ болжаған. Яғни, алдағы уақытта науқас анықталған ауданның шамамен 10 мың тұрғыны қауіпті вирусты жұқтыруы ықтимал.
– Біз бұл аудандағы 20 тұрғын үйдің барлық тұрғынын тексеріп жатырмыз. Осы шаралардың арқасында ауру жұқтырған жаңа жағдайларды анықтап, алдағы бір-екі апта аралығында Гонконгтегі тәуекел деңгейін нақты бағалай аламыз деп үміттенеміз, – деді ол RTHK телеарнасына берген сұхбатында.
Сюйдың мәліметінше, науқас – 82 жастағы әйел, соңғы айларда Гонконг аумағынан шықпаған. Өкінішке қарай, оның қан үлгісі чикунгунья вирусы бар екенін көрсеткен.
Осы жылы мегаполисте 50-ге жуық жағдай тіркелген, оның бірі өліммен аяқталған. Көз жұмған 77 жастағы ер адам болып шықты. Бұған дейінгі барлық жағдай сырттан келген, яғни вирусты жұқтырғандар материктік Қытай мен Бангладештен келген еді. Десе де, осы жолғы оқиға жергілікті жұқтыру саналғандықтан, қалада вирусты таратушы масалардың пайда болғанын аңғартса керек-ті.
Бір мысал, 2006 жылдан 2019 жылға дейін Гонконгте чикунгунья безгегінің жекелеген жағдайлары тіркелген, бірақ олардың барлығы "импортталған" деп танылды.
Жергілікті БАҚ бұған дейін қалада жұқтыру фактілері ресми түрде тіркелмегенін алға тартады.