11-сынып оқушылары Дінмұхамед Матай мен Әмір Жәнібек теміржол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған «Теміржол рельстерін қосудың инновациялық технологиялары» атты жобаларын таныстырды. «ҚТЖ» компаниясының хабарлауынша , жас өнертапқыштар рельстерді біріктірудің төрт бірдей жаңа әдісін ұсынып, олардың барлығы Қазақстан Республикасында патенттеліп, Женевадағы халықаралық тіркеуге жолданған, деп жазады Egemen.kz.
Жоба Нью-Йорктегі халықаралық олимпиадада да ұсынылып, сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Инновациялық шешімдер рельстердің тозуын азайтып, шу деңгейін төмендетуге және апаттың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл әдістер теміржол саласындағы пайдалану шығындарын едәуір үнемдеуге жол ашады.
Компания басшылығы жас инженерлердің жобасын жоғары бағалап, оны жетілдіруге қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында ҚТЖ тарапынан қажетті материалдар ұсынылып, оқушылардың Бурабай курортындағы рельс дәнекерлеу кәсіпорнына сапары ұйымдастырылмақ.
Кездесу барысында жастар ҚТЖ орталық мұражайына барып, еліміздің теміржол саласының даму тарихымен танысты.