Өскеменде Кеңес Одағының батыры, даңқты қазақ қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған жаңа мурал бой көтерді. Қала қабырғасындағы көркем дүние ерлік пен өр рухты бүгінгі ұрпаққа айшықтай түседі.

Бұл бастама қаланың шығармашыл және белсенді жастарының ұсынысымен қолға алынып, қала әкімінің қолдауына ие болды.

Осы жылдың 8 қазанында Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығында қала әкімі Алмат Акышов жергілікті жастармен кездесті.

Еркін форматтағы басқосуда жастар өз ойларын, жаңа идеяларын және қаланың мәдени келбетін жақсартуға бағытталған бастамаларын ортаға салды. Сол кезде жастардың бірі ерен ерлігімен тарихта қалған қазақ халқының қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға арнап қалада мурал салу туралы ұсыныс айтқан еді.

Әкім бұл игі идеяны қолдап, жобаны жүзеге асыруды қалалық ішкі саясат бөліміне тапсырды. Бөлім мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігерді анықтап, жұмыс қысқа мерзімде аяқталды.

Батыр қыздың бейнесі Қ.Қайсенов көшесі, 88 мекенжайындағы тұрғын үйдің қасбетінде бейнеленді. Авторлар туынды арқылы батырдың ерлігі мен рухын, сонымен қатар қазақ қыздарының қайсарлығын айшықтауды мақсат еткен.

Муралдың ресми ашылу рәсімі 25 қазан – Республика күні және Әлия Молдағұлованың туған күнімен тұспа-тұс өтті.

Бұл жоба тек көркемөнер туындысы ғана емес, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған мәдени бастама.

«Батыр апамыздың бейнесі – ерлік пен отансүйгіштіктің символы. Осындай туындылар арқылы жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен тарихи сана қалыптасады», – деп атап өтті қала әкімдігінде.

Жастар арасында патриоттық бағыттағы жобаларды дамыту қала әкімдігі жұмысының маңызды бағытына айналып отыр. Әлия Молдағұловаға арналған мурал да осы мақсаттың айқын көрінісі болды.

Айта кетсек, бұл – биыл Өскеменде салынған жетінші мурал.

Бұған дейін қалада Бауыржан Момышұлына, қазақ қызына, барысқа, төтенше жағдай қызметіне, полицияға және металлургтерге арналған муралдар пайда болған еді.

Өскемен қаласының ақпараттық орталығы ұсынған материал

Logotype Massaget