Алматының "Қайрат" футбол клубы 2025 жылғы Қазақстан премьер-лигасында (ҚПЛ) қатарынан екінші рет жеңіске жетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматыдағы Орталық стадионда өткен "Қайрат" пен "Астана" матчының соңғы 26-турында командалар чемпиондық титул үшін таласты. Алаң иелері чемпиондық атағын қорғау үшін жеңілмеуге тиіс еді. Матчта командалар 1:1 есебімен тең түсті.

Қонақтар 15-минутта хорватиялық вингер Марин Томасовтың соққан голының арқасында алға шықты. "Астана" капитаны албаниялық жартылай қорғаушы Назми Грипшидің пасынан кейін Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбековтен айласын асырып, гол салды.

"Қайрат" үзілістен кейін таразы басын теңестіре алды. Голды 56-минутта Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев салды.

Тең түсу алматылықтарға 59 ұпаймен бірінші орында қалуға мүмкіндік берді. "Астана" 57 ұпаймен екінші орынды иеленді. Қостанайлық "Тобыл" 54 ұпаймен қола жүлдені еншіледі.

Осылайша "Қайрат" қатарынан екінші рет және өз тарихында бесінші рет футболдан Қазақстан чемпионы атанды. Алматылық клуб 2026/27 жылғы еурокубок маусымында УЕФА Чемпиондар лигасында тағы да бақ сынасады. "Астана" да Конференциялар лигасындағы науқанын осы кезеңде бастайды.

Елордалық клуб ҚПЛ тарихындағы ең жүлделі клуб (жеті титул) болып қала береді. "Қайрат" "Ақтөбемен" және Павлодардың "Ертісімен" екінші орынды бөлісіп тұр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз