Астанадағы Триатлон саябағында Республика күніне орай ұйымдастырылған марафонға 82 жастағы Амангелді Досжанов та қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қала әкімдігі ресми сайтының мәліметінше ол көпшіліктен қалмай, 10 шақырым қашықтықты 1 сағат 23 минутта жүгіріп өткен.

«Жүгіруді 79 жасымда бастадым. Егер бастысы ниет болса, ешнәрсеге кеш емес. Қазіргі сәтте аптасына тұрақты түрде 3 мәрте 5-10 шақырым жүгіремін. Әдетте мен үйімнің қасындағы Күйшілер аллеясы мен Жерұйық саябағын таңдаймын. Себебі ол жерде жүгіруге жағдай жасалған. Көпшілігіміз жапондардың ұзақ өмір сүретініне таңғалып жатамыз ғой. Бірақ қазақтар да салауатты өмір салтын ұстанудан кенде емес. 2024 жылы Run for Autism қайырымдылық жарысына да қатыстым», — дейді Амангелді Досжанов.

Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша елордада жазғы маусым аяқталса да, қыс мезгілінде жүгіріс жалғаса береді.

«Триатлон немесе Ботаникалық бақ қана емес, өзге жерлерде де жүгіруге мүмкіндік бар. Осы сәтті пайдалана отырып, 26 қазан күні дәл осы Триатлон саябағында отбасылық дуатлонға қатысуға шақырамын», — дейді Өсербай.

Республика күніне арналған жүгіріске 1 500 адам қатысты. Бұқаралық іс-шараға тұрғындар тегін қатысты. Жарыс соңында қатысушылар арасында велосипедтер ойнатылып, естелік медальдар табысталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы (@sport_basqarmasy_astana)