2025 жылғы 26 қазанда таңертең Батыс Қазақстан облысында екі қабатты кафе мен оған жапсарлас дүкеннің шатырында өрт шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өрт шыққан нысан Бәйтерек ауданының Достық ауылында орналасқан.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер жоғары дәрежелі шақыру бойынша жіберілген.

"Тілсіз жаудың ошағы анықталып, оның таралу бағыты есептелгеннен кейін өрт сөндіру бөлімдері бірнеше жақтан лафеттік оқпандарды енгізіп, жалпы ауданы 450 шаршы метр аумақтағы өртті сөндірді. Оттың бірінші қабат пен дүкен аумағына таралуына жол берілген жоқ", — делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Зардап шеккендер жоқ.

ТЖМ еске салады: қоғамдық тамақтану орындары өрт дабылы жүйесімен, эвакуацияны басқару және хабарлау жүйесімен, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуға тиіс.