Брюссельдің ең танымал символы қазақтың шапанын киді.

Бельгиядағы Қазақстан елшілігі мен Маннекен Пис мүсінін қорғаушылар Ордені, әйгілі брюссельдік бала мүсінге ұлттық оюмен кестеленген қазақы шапан жабу салтанатын өткізді. Мұндай мәртебе Бельгиямен достық қарым-қатынастағы елдерге ғана беріледі. Ал Қазақстан осы елдің стратегиялық әріптесі. Шапан кигізу жай ғана дәстүр емес, мәдени дипломатияның көрінісі. Осы іс-шараның арқасында миллиондаған турист біздің елді, мәдениет пен дәстүрімізді жақын таниды. Рәсім Республика күніне және Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік туралы келісімнің 10 жылдығына орай ұйымдастырылды. Ескерткіш маңына саясаткерлер, отандастарымыз және туристер жиналып, көк тумен суретке түсті, бауырсақтан дәм татты.

Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі:

- Бұл дәстүр XIX ғасырдан бері жалғасып келеді. Маннекен Пистің бүгінде 1500-ден астам ұлттық костюмі бар. Солардың арасынан Қазақстаннан әкелінген шағын шапан мен бөріктің табылуы біз үшін үлкен қуаныш.

Ахмед Эль Ктиби, Брюссельдің құрметті депутаты:

- Брюссель қонақжайлығымен танымал қала. Біз үшін Қазақстан секілді ғажап елдің өкілдеріне құрмет көрсету әрдайым мәртебе.