Алматы қаласының Құрылыс басқармасы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған К.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназия ғимаратын сүру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
«Мектепте сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы ғимараттарды сүру қарастырылмаған. Сонымен қатар ғимараттың тарихи қасбеті сақталады», – деді басқарма өкілдері.
Жоба аясында қазіргі заманғы білім беру стандарттарына сай оқу кеңістіктерін құру көзделген.
Негізгі және бейіндік пәндер бойынша сабақ өткізуге арналған сыныптар, зертханалар мен кабинеттер жаңартылады. Химия, физика және биология кабинеттері заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушыларға тәжірибелік дағдыларды меңгеруге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Жоба құрамында көпфункционалды спорт кешенін салу да бар. Мектеп аумағында ашық спорт алаңдары пайда болады.
Сонымен қатар кең демалыс аймақтары, заманауи асхана, кітапхана, оқу залдары және мультимедиялық құралдармен жабдықталған үйірме бөлмелері қарастырылған.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы сәуірде аяқталады деп жоспарланған. Бас мердігер – «Астана-Стройинвест»корпорациясы ЖШС», – деп мәлімдеді басқарма мамандары.