Азаттың UFC-дегі жалпы көрсеткіші – 1-3. Бұл оның келісімшарт бойынша соңғы жекпе-жегі болды. Ал, Митч екі жеңілістен кейінгі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Абу-Дабиде өткен UFC 321 турнирінде қазақстандық спортшы америкалық Митч Рапосоға төрешілердің шешімімен есе жіберді. Бірінші раундта Азат Мақсұм кездесуді сенімді бастады. Қарсыласын бірнеше рет партерге түсіріп, айқын басымдық көрсетті. Алайда екінші раундта америкалық спортшы Митч Рапосо қарқын қосып, дәл және жойқын соққылардың арқасында басым түсті. Соңғы раундта Мақсұмның әрекеттері нәтиже бермеді. Ал ескерту салдарынан оның бір ұпайы шегеріліп, жекпе-жектің тағдырын шешті.

Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Митч Рапосоға берді — 30-26, 29-27, 29-27. Бұл Азат Мақсұмның UFC-дегі қатарынан үшінші жеңілісі болып тіркелді және оның лигадағы болашағына қатысты сұрақ туындатты.

Америкалық спортшы жоғары деңгейдегі дайындық көрсетіп, UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Айта кетейік, UFC 321 турнирінің басты жекпе-жегі аяқталмай қалды. Ауыр салмақтағы чемпиондық кездесу — Том Аспиналл мен Сирил Ган арасындағы айқас бірінші раунд соңында тоқтатылды. Француз файтерінің қолы қарсыласының көзіне тигеннен кейін жекпе-жек "өтпейді" деп жарияланды. Үш минуттық үзіліске қарамастан, Аспиналл жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Бейнеқайталауда Ганның қолы екі көзге бірдей тигені анық көрінді. UFC президенті Дана Уайт жекпе-жекке дереу реванш ұйымдастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ган жарақат сәтіне дейін өте сенімді өнер көрсеткен.

UFC тарихындағы жекпе-жекте мұндай жағдай алғаш рет тіркелді.