Астанада үстел теннисінен ел Президентінің кубогы үшін халықаралық ашық турнирдің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Премьер-Министр Олжас Бектенов қатысып, Президент Кубогы отандық спортты әлемдік деңгейге көтеру мақсатындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ол елде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.

Халықаралық үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Рауль Калин елдің тәуелсіздік жылдарында спортты дамытуға қосқан үлесін оң бағалады. Үстел теннисінен Қазақстан Президентінің ашық кубогы 29 қазанға дейін жалғасады. Жарысқа 14 елдің 300-ден астам спортшысы қатысып жатыр. Ойыншылар арасында Оңтүстік Корея, Қытай, Мажарстан, Мысыр, Малайзия, Иран, Сауд Арабиясы және тағы басқа мемлекеттердің өкілдері бар.