Алматы облысында да Республика күніне орай ел дамуына үлес қосқан 69 азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды . Бұл тізімде өнер майталмандары, өңірдің дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер мен жұмысшы мамандық иелері бар.

Салтанатты шара Қонаев қаласының орталық алаңында Мемлекеттік ту көтеру рәсімінен басталып, одан әрі мәдениет үйінде жалғасты. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Президент құттықтауын жеткізіп, өңірдің дамуына еңбек сіңірген азаматтарға мемлекеттік марапаттар табыстады.

Сағат Мәсімақынов, ардагер ұстаз:

- Мен жалпы білім саласында 45 жыл қызмет еттім, 40 жылдай мектеп директоры болдым. Сондықтан бұл жалғыз менің еңбегім емес, елдің еңбегі деп ойлаймын.

Дінмұхаммед Кузиев, өндіріс орнының президенті:

- Ұжымымызда мың адам жұмыс істесе, соның 850-і жұмысшы мамандық иелері. Бұл марапатты жеке өзімнің еңбегім емес, бүкіл ұжымның ортақ жетістігі деп санаймын.

Аймақ басшысы облыстың даму қарқынын ерекше атап өтті. Алматы облысына 10 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, 720 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта 1700-ге жуық өнеркәсіп орны бар. Шағын және орта бизнес нысандары 156 мыңға жеткен.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Аталған кезеңде Алматы облысы ауқымды өзгерістер жолынан өтіп, өнеркәсіптік базасы қуатты, инфрақұрылымы дамыған, инвестициялық тартымды халқының әлеуеті артқан аймаққа айналды. Осы жылдары 200-ге жуық мектеп, мыңнан астам балабақша, 110-нан астам медицина нысандары және 18 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтерді.

Мереке қарсаңында ел рухын асқақтатып жүрген мәдениет майталмандарына да ерекше құрмет көрсетілді. Күйші, композитор, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбековке Қонаев қаласынан жаңа пәтер кілті табысталды. Кеш соңында қонақтар эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерт тамашалады.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жөнкешов