Ақмола облысында такси жүргізушісі есірткілік масаң күйде ұсталды. Ол үш жолаушыны Қостанайға апара жатқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақмола облысының патрульдік полиция қызметкерлері Екатеринбург-Алматы тас жолының 1006 шақырымында Қостанайға қарай бет алған Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты.

"Рөлде тиісті рұқсат құжаттары жоқ, жеке тасымал қызметімен айналысушы 2002 жылғы ер адам болды. Одан бөлек салонда үш жолаушы болған, олардың екеуі жүргізушінің туыстары болса, тағы бірі Астанадан Қостанайға бара жатқан клиент екен. Одан 15 мың теңге ақы алған". Ақмола облыстық ПД

Тексеру кезінде патрульдік полиция инспекторлары жүргізушіден есірткіге мас болу белгілерін анықтады. Медициналық тексеру нәтижелері тыйым салынған заттарды қолдану фактісін растады, деп хабарлады ПД.

Құқық бұзушыға қатысты екі бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды:

  • ҚР ӘҚБтК-ның 608-бабы, 1-бөлімі, "Көлік құралын мас күйде басқару";
  • ҚР ӘҚБтК-ның 463-бабы, 1-бөлігі, "Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік тіркеусіз немесе тиісті рұқсатсыз (лицензиясыз) жүзеге асыру".

Көлік айып тұрағына қойылды.

"Ақмола облысының патрульдік полициясы мас күйде көлік рөліне отыру және заңсыз жолаушылар тасымалы жол қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретінін еске салады". Ақмола облыстық ПД

Мұндай бұзушылықтар үшін көлікті басқару құқығынан айыру, әкімшілік қамауға алу және айыппұл салу сынды жазалар қарастырылған.

Бұған дейін Ақмола облысында мас күйде көлік тізгіндеген әйел адам ұсталғанын жазғанбыз.